Даңғыра

Қазақ халқының жарғақты-ұрмалы аспабы. Бақсылық дәуірде бақсылардың негізгі аспаптарының бірі болған. Даңғыраның шанағы ағаштан жасалады, бетіне ешкінің немесе ірі қара малдың терісі тағылады. Дыбысын күшейту үшін даңғыраның ішкі жиегіне бақсылар әртүрлі темір салпыншақтар, қоңыраулар ілген екен. Даңғыраны жаугершілік замандарда дабыл қағып, белгі беру үшін де қолданған. Қазір даңғыра фольклорлық-этнографиялық ансамбльдерде музыкалық аспап ретінде қолданылады. «Тұран» ансамблінде даңғыраның бірнеше түрі болған. Алғашқы даңғыралар Алтай, Хакассия шеберлеріне арнайы тапсырыспен жасатылған.
Дауылпаз
Қазақ халқының жарғақты-ұрмалы тағы бір аспабы. Негізінен жаугершілікте әскерді ұрысқа шақыру, ұрыстан қайтару, ал қарапайым тұрмыс-тіршілікте жұртты жинау үшін дыбыстық белгі беру мақсатында қолданылған. Аспаптың шанағы ағаштан тұтас ойылып жасалады. Дауылпаздың көлемі әртүрлі болады. Кішкентай түрлері ілгіштермен иыққа ілінеді. Үлкендері болса, ағаштан арнайы айқастырылып жасалған құрылғыға қойылатын. «Тұран» ансамблі әртүрлі дауылпаз қолданады. Дәстүрлі, яғни дулыға пішінді дауылпаздар мен 2008 жылы Париж қаласынан сатып алынған екі түрлі көлемдегі африкалық джембе аспаптары да бар. Бұл аспаптар пішіні жағынан отырып ойнағанға ыңғайлы және дыбысы жағынан ашық әрі қатты шығады.
Дарбука
Таяу Шығыс, Египет, Түркия, Кавказ, Балқан елдеріне ортақ ұрмалы музыкалық аспап. Дәстүрлі түрі қыштан жасалады, екі жағы ашық болады. Тек бір жағына ғана тері мембрана тартылады. Қазір темірден жасалған түрлері кең тараған. «Тұранның» қолданатын дарбукасы темірден жасалған. Ансамбль оны Түркияның Стамбұл қаласына барған концерттік сапары кезінде сатып алған.
БАСҚАЛАРЫ