Домбыра

Қазақ халқының көнеден келе жатқан екі ішекті шертпелі музыкалық аспабы. Домбыраның шіңкілдек, қалақ домбыра, үш ішекті домбыра, алмұрт пішінді домбыра, тұмар домбыра және т.б. түрлері бар. Зерттеушілер XIX, XX ғғ. домбыралардың республика аймақтарында кездесетін түрлерін келесі топтарға бөледі. Олар: Батыс Қазақстан үлгісі; Орталық Қазақстан және Шығыс Қазақстан үлгісі; Оңтүстік Қазақстан және Жетісу үлгісі. Аспап күй тартуға, ән, жыр, термелерді сүйемелдеуге арналған. Домбыра ағаштан тұтас шабылып және құралып жасалады. Ішектері ертеде ешкінің ішегінен иіріліп жасалатын. Қазір леска пайдаланылады. Домбыраның он тоғызға жуық пернесі болады. «Тұран» ансамбліндегі домбыраны шебер Нарбек Оханов ағаштан тұтас шауып жасаған.
Үш ішекті домбыра
Үш ішекті домбыра қазақ халқының домбыра тектес аспабы. Бұл аспапты кейде қосбұраулы домбыра деп те атайды. Аты айтып тұрғандай ішек саны – үшеу. Көбінесе Шығыс Қазақстан, Жетісу өңірлерінде тараған. Ансамбльдегі үш ішекті домбыра шебер Алмас Мұстафаевқа арнайы тапсырыс арқылы жасатылды. Бұл аспап Ықылас атындағы мұражайда тұрған Абай Құнанбаевтың үш ішекті домбырасының көшірмесі.
Шертер
Шертер қазақ халқының көнеден келе жатқан үш ішекті шертпелі музыкалық аспабы. Көлемі қазіргі домбыраларға қарағанда сәл қысқарақ. Аталған аспапты ғалымдар қобызға да ұқсатады. Себебі бұрынғы кездері шертердің шанағы ағаштан тұтас шабылып, беті терімен жабылатын және ішектері аттың қылынан тағылатын, пернелері болмайтын. Қазіргі таңда шертер жетілдірілген. Шанақ бетінің жоғарғы жағы ағаш қақпақпен жабылып, төменгі жағы жартылай терімен қапталады, саны он үштен жиырма екіге дейін пернелер тағылады. Шертердің қайта жаңғыруына ғалым, этнограф Болат Сарыбаевтың сіңірген еңбегі орасан зор. «Тұран» ансамблінің қолданып жүрген шертер аспабы шебер Нұрлан Әбдірахманның қолынан шыққан.
Шіңкілдек
Кішкентай балалардың қолына ыңғайлы болуы үшін кішірейтіліп жасалған домбыраның бір түрі. Шіңкілдекті балақай домбыра деп те атайды. Аты айтып тұрғандай дыбысы жіңішке болады. Ансамбльдегі шіңкілдек «Шертер» фирмасынан шыққан. Жалпы ансамбль тарихында аспаптың бетқақпағының мүжіліп, жіңішкеріп кетуіне байланысты шіңкілдек екі рет ауысқан.
Жетіген
Жетіген қазақ халқының көп ішекті музыкалық аспабы. Аты айтып тұрғандай көне түрі жеті ішекті болатын. Ішектері аттың қылынан тағылатын және тиектеріне қойдың асығы қолданылатын. Жетіген ұмытылып барып, XX ғасырдың екінші жартысында қайта жаңғыра бастады. Жетіген де қазір жетілдірілген. Жиырма үшке жуық ішегі бар, нейлоннан тағылады, тиектері ағаштан жасалады. Жетігеннің қайта жаңғыруына ғалым, этнограф Болат Сарыбаевтың сіңірген еңбегі зор. Аспапты заман талапбына сай дамытып, аспап жасаушы шеберлермен тығыз жұмыс жасап, репертуарын толықтыруда жетігенші ғалым Нұргүл Жақыпбектің еңбегі орасан. Қазіргі таңда жетіген Қазақстанның барлық аймағына тарап, жетіген жасаушы шеберлердің де саны артты. «Тұран» ансамблінің жетіген аспабы «Шертер» шеберханасынан шыққан. Аспап ансамбльдің концерттік сапарларына ыңғайланып, қол жүк ретінде ұшақ бортына еркін алып кіру үшін қақ ортасынан бөлініп, жиналатындай етіп жасалған. «Тұран» ансамблінің шығармашылығында жетігеннің тағы бір түрі – бас жетіген қолданылады.
БАСҚАЛАРЫ