Сыбызғы

Қазақ халқының көне үрлемелі музыкалық аспабы. Сыбызғының үш, бес ойықты түрлері болады. Сыбызғы негізінен мал шаруашылығымен айналысатын көшпенді халықтарда көп кездеседі. Аталған аспап қурайдың көкқурай, қарақурай, таңқурай, жаужапырақ сияқты түрлерінен жасалады. Ертеде әр сыбызғышы өсіп тұрған қурайларды мезгілі келгенде кесіп алып өздері өлшеп отырып, ойықтарын ойып сыбызғы жасап алатын болған. Сонымен қатар халық арасында сыбызғының қамыстан, ағаштан, мыстан жасалатын түрлері де кездеседі. Кезінде сыбызғыны бақташылар көп пайдаланған. Халық арасында әртүрлі жиын-тойларда да қолданылған. Қазіргі таңда музыкалық аспап ретінде ансамбль, оркестрлерде кеңінен насихаталуда.

«Тұран» ансамблінінде сыбызғының ағаштан, мыстан және металлопластиктен жасалған төрт, бес және жеті ойықты түрлері бар. Ағаштан жасалған түрлерін жас шебер Азамат Бақия, ал металлопластик түрін сыбызғышы Талғат Мұқышев жасаған.
Сазсырнай
Қазақ халқының өзекті-үрлемелі аспабы. Саздан, қыштан күйдіріліп жасалады. 1971 жылы Отырар қаласының орнына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған кішкентай ғана аспапты ғалым, этнограф Болат Сарыбаев жетілдіріп, қосымша ойықтар ойып, сазсырнай екенін дәлелдеп, оның музыкалық аспап ретінде дамуына үлкен үлес қосты. Сондай-ақ сазсырнай аспабының кеңінен таралып, ғылыми тұрғыда зерттелуінде сазсырнайшы Гүлфайруз Далбағайдың еңбегі зор. Қазір сазсырнайдың дыбыс ауқымы кеңейген. Шебер Азамат Бақия қазақ халқының ұмыт болған үрлемелі аспаптарының атауларын пайдалана отырып, қыштан жасалатын уілдек, тастауық, сазсырнай, үскірік, шыңырау, құссайрауық деп атап, сазсырнай тектес аспаптарды толықтырды. «Тұран» ансамблінде аталған аспаптардың бәрі бар.
Бұғышақ, мүйізсырнай
Бұл аспаптар көне үрлемелі музыкалық аспаптар қатарына жатады. Аспап ірі қара малдың мүйізінен жасалады. Бұғышақ негізінен аңшылықта бұғы, маралдардың дауысын салып еліктіру мақсатында қолданылған. Бұғышақтың үрлейтін жеріне қамыстан тілше орнатылатын. Бұл тілше аспапқа бұғы, маралдардың дауысын келтіру үшін жасалады. Сонымен қатар жаугершілік заманда әскери ұрыстарда мүйізсырнайлар пайдаланылған. «Тұран» ансамблінің алғашқы мүйізсырнайлары Израильдің Тель-Авив қаласына концерттік сапары кезінде алынған. Бұл аспап шығыс африкалық бөкеннің мүйізінен жасалған болатын. Қазіргі мүйізсырнайлар лонгхорн деп аталатын сиырлардың мүйізінен жасалған және Мажарстанда өткен түркі халықтарының құрылтайы кезінде сатып алынды.
Қамыссырнай
Қамыссырнай көшпенді тұрмыс салтын ұстанған түркі халықтарының көбінде кездеседі. Бұл аспап қазірдің өзінде біраз елде бар. Бірақ қазақ халқының мәдениетінен өкінішке қарай қолданыстан шығып кеткен. Бірең-сараң өнер ұжымдарынан ғана кездестіруге болады. Бұл бірнеше дыбыс ойығы, тілшесі бар қамыстан жасалатын музыкалық үрлемелі аспап. «Тұран» қолданатын қамыссырнайды шебер Азамат Бақия жасаған.
Керней
Ағаштан жасалатын қазақтың көне үрлемелі аспабы. Соғыс замандарында, тұрмыс-тіршілікте белгі беру, дабыл қағу мақсатында пайдаланылған. Аспаптың ұзындығы бір метрге жетпейді, сыртына түйенің өңеші тартылады. «Тұран» ансамбліндегі кернейді шебер Алмас Мұстафа жасаған
БАСҚАЛАРЫ