Күнтаяқ
«Тұран» ансамблі енгізген асатаяқтың жаңа түрі. Қазақ халқының сылдырмақты-сілкімелі аспаптар қатарына жатады. Асатаяқ ағаштан, түрлі пішіндегі темір салпыншақтардан, сылдырмақтардан тұрады. Ертеректе аталған аспап бақсы-балгерлердің құралы болған. Асатаяқты бақсылық рәсімдегі дыбыстарды күшейту мақсатында пайдаланған. Ғалымдардың айтуынша, асатаяқтан шығатын дыбыстардың емдік қасиеті бар. Асатаяқтың айшықты асатаяқ, қоңыраулы асатаяқ, жыланбасты асатаяқ, піспекбасты асатаяқ, қобызбас асатаяқ сияқты түрлері кездеседі. Қазіргі таңда аталған аспап фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер мен оркестрлерде орындалып жатқан музыкаға қосымша дыбыстық реңк беру үшін қолданылады. Күнтаяқтың тұрқы түркі халықтарының мифологиялық дүниетанымындағы күнбасты адамды бейнелейді. Ансамбльдегі күнтаяқты шебер Төлеген Сәрсенбаев жасаған.