Қобыз, нарқобыз
Түркі халықтарына ортақ екі қыл ішекті ыспалы музыкалық аспап. Қобыз тектес аспаптар қазақ (қобыз, қылқобыз), қарақалпақ (қобыз, кобуз), ноғай (қобыз), татар (кылкубыз), башқұрт (кылкубыз), қырғыз (кыяк, кылкыяк) халықтарында кездеседі. Қобыз ағаштан тұтас шабылады, ішегі аттың қылынан тағылады. Шанағының төменгі жағына түйенің терісі тартылады. Ерте замандарда қобызды өздерінің бақсылық рәсімдерін өткізу үшін бақсылар, одан жыр-дастандарын жырлап, соғыс алдында батырларды жігерлендіру үшін жыраулар қолданған. Күйшілер мен әншілер де күй тартып, ән айтып сүйемелдеп, қобызбен халықтың мұң-мұқтажын, қуанышын, толғанысын, ішкі шерін тарқататын болған. Қазір қобыз кәсіби музыкалық аспап ретінде кең тараған. Ықылас Дүкенұлынан келе жатқан қобызда орындаушылық дәстүр Жаппас Қаламбаев, Дәулет Мықтыбаевтардың арқасында сақталып қалды. Олардың ізін жалғастырып, қобызды кәсіби мамандық ретінде оқытуды мектеп қабырғасынан қолға алып, Қазақстан аймақтарына таралып, халықаралық деңгейде насихатталуына септігін тигізіп, дарынды, шебер қобызшыларды тәрбиелеген ұстаз Әбдіманап Жұмабекұлының еңбегі ұшан-теңіз. «Тұран» ансамблінің мүшесі Мақсат Медеубек Ә.Жұмабекұлының шәкірті.
Нарқобыздың көлемі әдеттегі қобыздарға қарағанда екі-үш есе үлкен, дыбысы жуан. «Тұран» ансамблінің қобызын шебер Төлеген Сәрсенбаев (2005 ж.) нарқобызын шебер Талғат Жанасылов (2010 ж.) жасаған.